Конституция күні Шымкентте 80 пәтерден тұратын «Премьера» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бұл — құрылысы тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорымен сақтандырылған осы мегаполистегі екінші нысан.

Салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Дулат Жарлықапов қатысты. Олар жаңа қоныс иелерін мерекемен құттықтап, тұрғындардың жаңа үйлеріне жылулық пен жайлылық тіледі. ⠀

Мұрат Әйтенов жаңа үйдің құрылысы «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. ⠀

«Премьера» тұрғын үй кешенінің мердігері «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС болды, компания директоры Асылжан Құртаевтың айтуынша, тұрғын үй кешенінің құрылысына 200-ден астам адам жұмылдырылған. ⠀

Айта кету керек, бүгінгі таңда үлескерлердің салымдарына кепілдік беру механизмі өзінің өміршеңдігі мен экономикалық мақсаттылығын дәлелдеді. Қор әр түрлі қалаларда жалпы саны 60 жобаны кепілдендірді, бұл — 17 мыңнан астам салымшылардың сенімі деген сөз! ⠀

«Қордың кепілдігі үлескерлер салымдарының сақталуын және құрылыстың толық аяқталуын қамтамасыз етеді. Бұл үлескер үшін басты артықшылық деп санаймыз, ал мердігер үшін инвесторлар тарапынан сенімнің артып, сату көлемінің ұлғаюы», — деп атап өтті «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Дулат Жарлықапов. ⠀

Қордың жұмысы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасымен сәтті байланысқан. Қордың міндеті — елдегі құрылыс көлемін ынталандыру, үлестік құрылыстың азаматтардың көпшілігі үшін қолжетімді болуын және қазақстандықтардың өз тұрғын үйінің кілтін қолына алуын қамтамасыз ету. ⠀

«Ел үшін қиын кезеңде мемлекет үлестік құрылыс саласын қолдайды. Біздің азаматтарымыз қолжетімді және сапалы тұрғын үйді неғұрлым тиімді шарттармен сатып алу мүмкіндігіне ие», — деп атап өтті Дулат Жарлықапов. ⠀

Мемлекеттік қолдау мен қордың бақылауының нәтижесінде 24 тұрғын үй кешені дәл уақытында пайдалануға берілді. Жүздеген қазақстандық отбасы өз пәтерлеріне қоныстанды. ⠀

«Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» Шымкентте салынып жатқан басқа да нысандарды қолдауды жоспарлап отыр. Қордың Басқарма төрағасы Дулат Жарлықапов «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Бауыржан Қанкинмен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Қос тарап та үлестік қатысу механизмі арқылы мегаполистің құрылыс саласына инвестициялар тартуға ниетті. Одан бөлек, өзге мердігерлер мен тұрғын үй құрылысы саласында қызмет көрсететін уәкілетті компаниялардың да Қормен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. ⠀

Жақын арада Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры мен «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлескен пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында өңірдегі құрылысшылар арасында іріктеу жүргізіледі. Алдағы уақытта «Shymkent» ӘКК жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тұрғын үй құрылысына кепілдік беру арқылы жеке компанияларға жер учаскелерін қаржыландыруға және беруге мүмкіндіктерді кеңейтуді қарастырады.

FaLang translation system by Faboba